Қазақстандағы діни қайырымдылықтың келбеті мен әлеуметтік тәжірибелері
DOI:
10.26577//EJRS45120267Аңдатпа
Мақалада Қазақстандағы діни қайырымдылықтың келбеті мен әлеуметтік тәжірибелері қоғамдағы тұрмысы төмен отбасыларға, жеке адамдарға және балаларға бағытталған қамқорлықтың маңызды формасы ретінде қарастырылады. Қайырымдылық іс-шаралары мемлекет, діни ұйымдар және жеке тұлғалар тарапынан жүзеге асырылатын көпқырлы әлеуметтік құбылыс болып табылады. Зерттеудің мақсаты – діни қайырымдылықтың субъектілерін, материалдық және рухани түрлерін, сондай-ақ оның әлеуметтік тәжірибелерін жүйелі түрде сипаттау. Негізгі бағыттары қайырымдылықтың қаржылық көмек көрсету, азық-түлікпен қамтамасыз ету секілді материалдық формаларын, сонымен қатар рухани көмек пен психологиялық қолдау көрсету жолдарын талдауға бағытталған. Зерттеудің басты идеясы – қайырымдылықтың ізгілік пен руханилыққа негізделген әлеуметтік әрекет ретіндегі қоғамдағы орнын анықтау. Жұмыстың ғылыми жаңалығы – қайырымдылықтың әлеуметтік тәжірибелерін, оның құрылымдық формалары мен субъектілерін жіктеуде көрініс табады. Зерттеу барысында қайырымдылықтың материалдық және рухани формаларын жіктеу, әлеуметтік тәжірибелерін сипаттау және қайырымдылық субъектілерін талдау әдістері қолданылды. Сонымен қатар, адамның ішкі рухани әлеміне қатысты қайырымдылықтың негіздерін саралау жүргізілді. Зерттеу нәтижесінде қайырымдылықтың негізгі субъектілері (мемлекет, діни ұйымдар, жеке адамдар) анықталды. Қайырымдылықтың материалдық формасына жататын қаржылай көмек көрсету мен азық-түлікпен жәрдемдесу, рухани формасына жататын психологиялық қолдау көрсету, сөз арқылы рухани демеу беру, тегін білім мен ақыл-кеңес ұсыну, сонымен қатар, адамдардың бір-біріне көмектесуі, діни қауымдастықтың өзара сыйластығы және меценаттардың қолдауы талданды. Квазиқайырымдылық жасаушылардың бейнесі де жіктеліп, олардың қайырымдылықты есеппен жасау, қайтарым күту немесе тек көріну мақсатында іске асыру ерекшеліктері анықталды. Зерттеу нәтижесінде квазиқайырымдылық жасаушылардың сипаттамалары жүйеленіп, олардың қайырымдылықты есеппен жүзеге асыру, қайтарым күту немесе тек формалды түрде көрсету ерекшеліктері көрсетілді. Жұмыстың ғылыми және тәжірибелік мәні – қайырымдылық іс-шараларын ұйымдастыруды жетілдіруде және рухани құндылықтарға негізделген әлеуметтік қолдау тетіктерін дамытуда қолдану мүмкіндігімен айқындалады.
Түйін сөздер: діни қайырымдылық, субъектілер, ізгілік, ислам діні, руханилық








