Қазақ және ағылшын танымындағы діни жұмбақтарды интерпретациялау
DOI:
10.26577//EJRS.2023.v35.i3.r8Кілт сөздер:
worldview, culture, national code, theology, folkloreАңдатпа
Кез-келген халықтың дүниетанымы, діні мен ділі, мәдениеті мен тарихы фольклормен тығыз байланысты. Фольклор – халықтың болмысымен ежелден ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ұлттық рухани-мәдени байлықтың үлкен бір саласы. Жұмбақ халықтың өмір-тіршілігімен тығыз байланысты, халық жадындағы кодталған ақпаратты білуге көмектеседі. Жұмбақ – бұл көне дәуірдің жемісі, фольклорының бөлігі болған болжау ойыны. Көптеген ғасырлар бойы жұмбақтың сыртқы мазмұндық табиғаты өзгерді, бірақ оның тақырыбы, ішкі мазмұны зерттеу өзектілігін жоғалтқан жоқ. Діни сипатты жұмбақтар бір жағынан халық мәдениетінің даму тарихын көрсетеді, екінші жағынан дәстүрлі дүниетанымдық ерекшелікті көрсетеді. Мақаланың басты мақсаты – қазақ және ағылшын жұмбақтарын теологиялық тұрғыдан зерттеу, яғни діни жұмбақтар арқылы тарихы мен мәдениетіндегі діннің рөлін зерттеу. Жұмбақтардағы исламдық Құран мен библиялық сюжет ұқсастығын іздеу тақырыптың негізгі бір міндеті болып саналады. Зерттеу тақырыбының өзектілігі ағылшын және қазақ тілдеріндегі жұмбақтарды діни аспектіде қарастыру халықтардың ұлттық дүниетанымын тереңірек түсінуге ықпал етеді және сыни тұрғыдан ойлауға үйретеді. Діні мен тілі басқа қазақ және ағылшын тілдеріндегі діни жұмбақтарды интерпретациялау этномәдени ерекшеліктерімен тікелей байланысты. Сондықтан алдағы уақытта діни жұмбақты әр қырынан зерттеу тек филологтарды ғана емес, сонымен қатар антропологтар мен теологтарды, этнологтар мен мәдениеттанушы, жалпы гуманитарларды қызықтыратыны сөзсіз.
Түйін сөздер: дүниетаным, мәдениет, ұлттық код, теология, фольклор.








