Жариялау этикасы

«ҚазҰУ Хабаршысы. Дінтану сериясы» ғылыми журналының редакциялық алқасының мүшелері өздерінің кәсіби қызметінде «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғылыми журналдарына арналған жарияланым этикасының» қағидаттары мен нормаларын ұстанады. Жарияланым этикасы Жарияланым этикасы жөніндегі комитеттің (COPE) халықаралық жарияланым этикасы нормасына сәйкес әзірленген.

Жарияланым этикасы редакторлардың, рецензенттердің және авторлардың этикалық мінез-құлқының нормаларын, қағидаттары мен стандарттарын, мүдделер қақтығысын және этикаға жат мінез-құлықты анықтау шараларын, мақаланы кері қайтарып алу (ретракция), түзету және теріске шығару жөніндегі нұсқаулықтарды белгілейді.

Жарияланым үдерісінің барлық қатысушылары, атап айтқанда әрбір автор, бас редактор, рецензент, жауапты редактор, «ҚазҰУ Хабаршысы. Дінтану сериясы» ғылыми журналының редакциялық алқасының мүшелері жарияланым этикасының қағидаттарын, нормалары мен стандарттарын сөзсіз ұстануға міндетті. Этикалық қағидаттарды сақтау ғылыми журналдың сапасын қамтамасыз ету және қолдау үшін де, жарияланым үдерісіне қатысушылар арасында сенімді әрі құрметке негізделген қарым-қатынас орнату үшін де маңызды.

Авторлардың, редакторлардың немесе баспагердің мынадай әрекеттері этикаға жат мінез-құлық болып саналады: өз мақаласына өзі рецензия беру, келісілген және жалған рецензиялау, ғылыми зерттеу нәтижелерін жариялау үшін агенттік қызметтерге жүгіну, жалған авторлық, зерттеу нәтижелерін бұрмалау және жасанды түрде жасау, анық емес жалған ғылыми мәтіндерді жариялау, мақала қолжазбаларын авторлардың рұқсатынсыз басқа басылымдарға беру, авторлардың материалдарын үшінші тұлғаларға беру, авторлық құқық пен редакциялық үдерістердің құпиялылық қағидаттары бұзылған жағдайлар, дәйексөзбен айла-шарғы жасау, плагиат.

Редакциялық алқа мүшелерінің жарияланым этикасының қағидаттары

«ҚазҰУ Хабаршысы. Дінтану сериясы» журналының редакциялық алқасының мүшелері журналды дамытуға, жетілдіруге, оны халықаралық дереккөздер базасына ілгерілетуге жауапты; пікір еркіндігі қағидаттарын ұстануға, журнал авторлары мен оқырмандарының ғылыми және кәсіби қажеттіліктерін қанағаттандыруға, автордың, рецензенттің және баспагердің коммерциялық мүдделерінің материалдарды жариялау туралы шешім қабылдауға ықпал етуіне жол бермеуге тиіс, сондай-ақ ғылыми жарияланымдардың сапасын арттыру және жарияланым үдерісінің барлық кезеңінде ақпараттың құпиялылығын қорғау үшін барлық мүмкін шараларды қабылдауға тиіс.

Барлық авторлардың теңдігі. Редакциялық алқа мүшелері авторлар ұсынған материалдарды журналда жариялау туралы шешім қабылдауға жауапты. Редакциялық алқа мүшелері қолжазбаларды авторлардың нәсіліне, жынысына, жыныстық бағдарына, діни нанымына, этникалық тегіне, азаматтығына, саяси көзқарасына немесе коммерциялық ойларға қарамастан, олардың зияткерлік мазмұны бойынша бағалауға тиіс.

Қолжазбаны жариялау туралы шешім қабылдау. Редакцияға ұсынылған мақалалардың қайсысы жариялануға тиіс екені туралы шешімді журнал редакциясы ресімдеу талаптарына сәйкестігін және плагиатқа тексеру нәтижелері бойынша, сондай-ақ ғылыми рецензиялау нәтижелері бойынша қабылдайды. Қолжазбаны жариялау туралы шешім қабылдау кезінде редакциялық алқа журнал саясаты мен жарияланым этикасын басшылыққа алады, плагиат белгілері бар, ғылыми этиканың қағидаттарын, стандарттары мен нормаларын және авторлық құқықты бұзатын мақалаларды жариялауға жібермейді.

Редакциялық алқа мүшелері этикаға жат мінез-құлықтың, плагиаттың, өзін-өзі көшірудің, авторлардың шамадан тыс өзін-өзі дәйексөзге алуының, мүдделер қақтығысының анық белгілері бар мақалаларды жариялағаны үшін жауапты. Егер мақала жазу барысында жарияланым және/немесе ғылыми этика қағидаттары бұзылған болса, журналдың бас редакторы редакциялық алқаның шешімі негізінде жарияланымды кері қайтарып алуға (ретракция) тиіс. Мақаланы автор (авторлар) немесе журнал редакциясы кері қайтарып ала алады. Редакция жарияланған мақалаларды жарияланым және/немесе ғылыми этика бұзылған жағдайда COPE ұсынымдарына сүйене отырып кері қайтарып алады (ретракциялайды). Мақала мынадай жағдайларда кері қайтарылады (ретракцияланады):

  • алынған деректердің сенімсіз екені немесе құқыққа сыйымсыз әрекеттер нәтижесінде, мысалы деректерді бұрмалау арқылы алынғаны туралы нақты дәлелдер болса;
  • қолжазбаның «ҚазҰУ Хабаршысы. Дінтану сериясы» журналында жарияланғанға дейін басқа басылымда жарияланғаны анықталса;
  • мақалада плагиат анықталса, оның ішінде суреттер, графиктер, кестелер және т.б. көшіріліп алынғаны анықталса;
  • мақалада басқа ғалымдар мен олардың зерттеулеріне теріс әсер етуі мүмкін өрескел қателер, мысалы есептеу қатесі немесе эксперимент қатесі болса;
  • мақалаға немесе оның жекелеген бөліктеріне үшінші тұлғалар тарапынан авторлық құқық жөнінде талаптар туындаса;
  • мақалада жарияланым және/немесе ғылыми этиканың қағидаттарына, стандарттары мен нормаларына қайшы келетін ақпарат болса.

Жоғарыда көрсетілген осындай жағдайларда журналдың редакциялық алқасы тексеру жүргізеді, оның нәтижесі бойынша мақала жарияланымнан кері қайтарылуы (ретракциялануы) мүмкін. Ол үшін мақаланы жарияланымнан кері қайтарып алу туралы акт жасалады, оны бас редактор бекітіп, қол қояды. Хат алмасуға жауапты авторға актінің көшірмесі жіберіледі.

Одан кейін журналдың сайтында мақала себептері көрсетіле отырып, кері қайтарылған деп белгіленеді. Редакция мақаланы кері қайтарып алу (ретракция) туралы ақпаратты журнал сайтының басты бетінде жариялайды және кері қайтарып алу рәсімі жүргізілгеннен кейін бұл ақпаратты журналдың келесі санында орналастырады.

«ҚазҰУ Хабаршысы. Дінтану сериясы» журналының редакциясы жарияланған сандардан табылған бұзушылықтар туралы барлық негізді өтініштерді жауапкершілікпен, объективті және мұқият қарайды.

Редакция материал жарияланғаннан кейін анықталған қателер мен бұзушылықтар туралы редакцияға мүмкіндігінше жедел хабарлауды авторлар мен рецензенттердің жауапкершілігі әрі міндеті деп санайды.

Құпиялылық қағидаты. Қолжазбаны қарау кезеңінде (ол жарияланғанға дейін) редакторлар мен редакциялық алқа мүшелері ол туралы ақпаратты авторлардан, тағайындалған рецензенттерден және баспагерден басқа ешкімге хабарламауға тиіс. Қарауға алынған кез келген қолжазба құпия материал ретінде қаралуға тиіс. Қолжазбаларды бас редактордың рұқсатынсыз үшінші тұлғаларға көрсетуге және олармен талқылауға болмайды.

Редакциялық алқа мүшелері қабылданбаған қолжазбалардың авторлардың жазбаша келісімінсіз редакциялық алқа мүшелерінің өз зерттеулерінде пайдаланылмайтынына кепілдік береді.

Этикаға жат мінез-құлық туралы талаптарды қарау. Редакциялық алқа мүшелері қолжазба авторының (авторларының) және «ҚазҰУ Хабаршысы. Дінтану сериясы» журналында жарияланған мақалалардың этикаға жат мінез-құлқы туралы әрбір шағымды түскен уақытына қарамастан жеке-жеке қарауға тиіс. Редакциялық алқа мүшелері мұндай талаптарға қатысты объективті және барабар шаралар қабылдауға тиіс. Талап дәлелдері расталған жағдайда редакциялық алқа мүшелері қолжазбаны жариялаудан бас тартуға және хат алмасуға жауапты автормен одан әрі ынтымақтастықты тоқтатуға, тиісті теріске шығаруларды жариялауға, сондай-ақ автордың (авторлардың) этикаға жат мінез-құлқының жолын кесу үшін өзге де шаралар қабылдауға құқылы. 

Редакциялық алқа, олардың лауазымдық міндеттері мен жауапкершілігі

 «ҚазҰУ Хабаршысы. Дінтану сериясы» журналының бас редакторының, жауапты редакторының, редакциялық алқа мүшелерінің лауазымдық міндеттері мен жауапкершілігі тиісті бекітілген лауазымдық нұсқаулықтарда көрсетілген.

Автордың жарияланым этикасының қағидаттары

 Бір реттік жариялау. Автор(лар) редакцияға ұсынылған мақала қолжазбасының басқа басылымдарға қарауға ұсынылмағанына кепілдік береді. Қолжазбаны бір мезгілде бірнеше журналға/басылымға ұсыну қолайсыз және жарияланым этикасының қағидаттарын, стандарттары мен нормаларын өрескел бұзу болып табылады.

Қолжазбаның авторлығы. Қолжазбаны дайындауға ең көп зияткерлік үлес қосқан тұлға (екі және одан көп авторлас болған жағдайда) авторлар тізімінде бірінші көрсетіледі. Әрбір мақала үшін хат алмасуға жауапты автор тағайындалуға тиіс; ол мақаланың соңғы нұсқасын дайындауға, редакциялық алқамен байланысқа жауап береді, зерттеуге жеткілікті үлес қосқан барлық қатысушылардың (авторлар саны бірден көп болғанда) авторлар тізіміне енгізілуін қамтамасыз етуге, сондай-ақ жариялау үшін редакцияға ұсыну алдында қолжазбаның түпкілікті нұсқасын барлық авторлардан мақұлдатуға тиіс. Қолжазбада/мақалада көрсетілген барлық авторлар жұмыстың мазмұны үшін жауапты.

Түпнұсқалық қағидаты. Автор(лар) қолжазбада баяндалған зерттеу нәтижелерінің түпнұсқалық дербес жұмыс екеніне және плагиатқа тексеру жүйесі арқылы анықталуы мүмкін дұрыс емес көшірмелер мен плагиат қамтылмағанына кепілдік береді.

Авторлар этикаға жат мінез-құлық, плагиат, өзін-өзі көшіру, өзін-өзі дәйексөзге алу, бұрмалау, жасанды деректер жасау, деректерді бұрмалап көрсету, жалған авторлық, қайталау, мүдделер қақтығысы және алдау белгілері бар мақалалардың жариялануы үшін жауапты.

Дереккөздерді растау қағидаты. Автор(лар) зерттеу барысында пайдаланған ғылыми және өзге де дереккөздерді дұрыс көрсетуге міндеттенеді. Өзге жұмыстардың қандай да бір бөліктері пайдаланылған және/немесе басқа автордың (авторлардың) тұжырымдары алынған жағдайда қолжазбада бастапқы дереккөз авторы (авторлары) көрсетілген библиографиялық сілтемелер берілуге тиіс. Күмәнді дереккөздерден алынған ақпарат қолжазбаны ресімдеу кезінде пайдаланылмауға тиіс.

Егер рецензенттерде, бас редакторда, журналдың редакциялық алқа мүшесінде (мүшелерінде) зерттеу нәтижелерінің түпнұсқалығы мен анықтығына күмән туындаса, автор(лар) қолжазбада келтірілген нәтижелерді немесе фактілерді растау үшін қосымша материалдар ұсынуға тиіс.

Жарияланым үдерісінде қателерді түзету. Жарияланым үдерісінің кез келген сатысында жұмыста қателер мен дәлсіздіктер анықталған жағдайда авторлар бұл туралы бас редакторға шұғыл хабарлауға және журнал сайтында тиісті түзетуді (Erratum немесе Corrigendum) түсініктемелерімен жариялау үшін қатені жоюға немесе түзетуге көмек көрсетуге міндеттенеді. Түзетуге болмайтын өрескел қателер анықталған жағдайда автор(лар) қолжазбаны/мақаланы кері қайтарып алуға тиіс.

Жарияланым этикасын сақтау қағидаты. Авторлар зерттеулерге қатысты сын немесе ескертулерге байланысты, сондай-ақ рецензиялау және жариялау мәселелері бойынша редакциямен өзара іс-қимылға қатысты этикалық нормаларды сақтауға міндетті. Авторлардың этикалық қағидаттарды сақтамауы жарияланым этикасын өрескел бұзу деп бағаланады және қолжазбаны рецензиялаудан және/немесе жарияланымнан алып тастауға негіз болады.

Рецензенттің жарияланым этикасының қағидаттары

Рецензиялаудың объективтілік қағидаты. «ҚазҰУ Хабаршысы. Дінтану сериясы» журналының рецензенті (рецензенттері) қолжазбаға сараптамалық бағалауды объективті жүргізуге міндеттенеді. Қолжазба авторының (авторларының) жеке басына сын айтуға жол берілмейді. Рецензент өз ескертулерін дәлелдеп, қолжазбаны қабылдау немесе одан бас тарту туралы шешімін негіздеуге тиіс.

Автордың (авторлардың) ұлты, дінге қатысы, саяси немесе өзге де көзқарастары рецензиялау үдерісінде рецензент(тер) тарапынан назарға алынбауға тиіс.

Рецензенттің редакциялық шешімдерге қосатын үлесі. Рецензент(тер) жасаған сараптамалық бағалау редакцияның жариялау туралы шешім қабылдауына ықпал етеді, сондай-ақ автор(лар)ға қолжазбаны жақсартуға көмектеседі. Қолжазбаны жариялауға қабылдау, жұмысты авторға өзгертуге немесе пысықтауға қайтару не жарияланымнан бас тарту туралы шешімді редакциялық алқа рецензиялау нәтижелеріне сүйене отырып қабылдайды.

Рецензиялаудың уақтылығы қағидаты. Рецензент рецензияны редакция белгілеген мерзімде, бірақ қолжазбаны рецензиялауға алған сәттен бастап екі айдан кешіктірмей ұсынуға міндетті. Егер мақаланы қарау және рецензияны дайындау белгіленген мерзімде мүмкін болмаса, рецензент бұл туралы бас редакторға дереу хабарлауға тиіс.

Ұсынылған қолжазбаны рецензиялау кезінде шешім қабылдау үшін біліктілігі сәйкес келмейді немесе жеткіліксіз деп санайтын рецензент бұл туралы бас редакторға дереу хабарлап, қолжазбаны рецензиялаудан бас тартуға тиіс.

Рецензент тарапынан құпиялылық қағидаты. Рецензентке рецензиялауға ұсынылған қолжазба құпия материал ретінде қаралуға тиіс. Рецензент оны басқа тұлғаларға көрсетуге және/немесе олармен талқылауға тек журналдың бас редакторынан және/немесе автордан (авторлардан) жазбаша рұқсат алғаннан кейін ғана құқылы.

Рецензиялау және жарияланым үдерісін қамтамасыз ету барысында алынған ғылыми жұмыстың ақпараты мен идеялары рецензент(тер) тарапынан жеке пайда табу үшін пайдаланылмауға тиіс.

Дереккөздерді растау қағидаты. Рецензент қаралып отырған қолжазбаның зерттеу нәтижелеріне ықпал ететін, бірақ автор(лар) келтірмеген ғылыми жұмыстарды көрсетуге тиіс. Сондай-ақ рецензент қаралып отырған қолжазба мен өзіне белгілі бұрын жарияланған жұмыс арасындағы елеулі ұқсастыққа немесе сәйкестікке бас редактордың назарын аударуға міндетті.

Егер рецензентте қолжазбада плагиат, дұрыс емес көшірмелер, жалған және жасанды материалдар немесе зерттеу нәтижелері бар деп санауға жеткілікті негіз болса, ол қолжазбаны жариялауға жібермеуге және жарияланым мен ғылыми этиканың қағидаттарын, стандарттары мен нормаларын бұзу фактілері туралы журналдың бас редакторына хабарлауға тиіс. 

Мүдделер қақтығысы

Жарияланым этикасы жөніндегі комитеттің (COPE) анықтамасы бойынша мүдделер қақтығысы — авторлардың, рецензенттердің немесе редакциялық алқа мүшелерінің жарияланатын материалға қатысты пайымдауына әсер етуі мүмкін айқын емес мүдделері болатын қақтығыс жағдайлары. Мүдделер қақтығысы рецензент пен редакциялық алқа мүшелерінің ғылыми пайымдауына, нәтижесінде редакциялық алқаның қолжазбаны жариялау жөніндегі шешіміне әсер етуі мүмкін қаржылық, жеке немесе кәсіби жағдайлар болғанда туындайды.

Журналдың жауапты редакторы қолжазбаны жариялау үдерісінің барлық қатысушыларынан мүдделер қақтығысын ашуды талап етуге тиіс.

Бас редактор, редакциялық алқа мүшесі және рецензенттер редакциялық алқаның шешіміне қандай да бір түрде әсер етуі мүмкін ықтимал мүдделер қақтығысы туралы хабарлауға тиіс. Редакциялық алқа мүшелері қолжазба авторының (авторларының) зерттеу нәтижелеріне байланысты қандай да бір бәсекелестік қатынаста болса не өзге мүдделер қақтығысы болса, қолжазбаны қараудан бас тартуға тиіс.

Қолжазбаны журналға қарауға беру кезінде автор(лар) қолжазба мазмұнында зерттеудің барлық қаржыландыру көздері көрсетілгенін мәлімдейді; сондай-ақ қарауға берілген қолжазбаға қатысты мүдделер қақтығысын туғызуы мүмкін қандай коммерциялық, қаржылық, жеке немесе кәсіби факторлар бар екенін көрсетеді. Автор(лар) мүдделер қақтығысы болған жағдайда ілеспе хатта өз пікірінше олардың қолжазбасын объективті бағалай алмайтын ғалымдарды көрсете алады.

Рецензент қолжазбаға қатысы бар авторлардың бірімен бәсекелестіктен, ынтымақтастықтан немесе басқа қатынастардан туындайтын мүдделер қақтығысына себеп болуы мүмкін қолжазбаларды қарамауға тиіс.

Қолжазба мазмұнына қатысты мүдделер қақтығысы болған жағдайда жауапты редактор бұл туралы бас редакторға хабарлауға тиіс, содан кейін бас редактор қолжазбаны тексеру мен рецензиялауды басқа редакторға/рецензентке тапсырады.

Қарау және рецензиялау үдерісінде қатысушылар арасында мүдделер қақтығысының болуы қолжазбаның қабылданбайтынын білдірмейді.