Шиға мәзһабының пайда болуының діни, саяси, әлеуметтік себептері
DOI:
10.26577//EJRS.2021.v25.i1.r3Кілт сөздер:
шиға, халифа, әһлі-байт, Махди, имамАңдатпа
Мақалада ислам тарихындағы тұңғыш үлкен бөлінушілікке түрткі болған шиға мәзһабының тарих сахнасына шығуының діни, саяси, әлеуметтік себептері талданады. Тарихи деректерді негізгі ала отырып, пайғамбардың (с.ғ.с) туыс інісі, орынбасары әрі күйеубаласы, сондай-ақ, әһлі-байттың бастаушысы Әлидің алғашқы халифа бола алмауы туралы зерттеушілердің көзқарастары ой елегінен өткізіледі. Әлидің ұлықталуына әсер еткен жеке басының қасиеттері де көрсетіледі. Оның халифалығын жақтаушы діни топтың пайда болуы, аталған діни топтың қозғалысқа айналуы, қарсыластар тарапынан қуғын көруі, өз ішінен бірнеше тармақтарға бөлінуі, тарихтың әртүрлі кезеңінде базбір билеушілер тарапынан қолдау табуы және бувейх, фатими, сафевид, аққойлы, қарақойлы секілді мемлекеттерді құруы туралы деректер ғылыми тұрғыда сараланады. Шиға мәзһабы өкілдерінің алғашқы халифаларды әділ бола алмады деп мансұқтауына түрткі болған тарихи оқиғалардың қаншалықты маңызды немесе маңызды емес болғандығы зерделенеді. Шиға мәзһабының пайда болуының әлеуметтік себебі ретінде арабтардан басқыншылық көрген парсылар мен әмәуи және аббаси әулетінен қуғын көрген әһлі-байттың мүддесінің тоқайласуы, осылайша шиға топтарының Иран жерінде салтанат құрғандығы сөз болады. Сонымен қатар, Хижаздан тысқары жатқан Иемен және Бахрейн өлкелеріне шиғаның таралуы себептері көрсетіледі. Шиғалардағы «махди», «ғайып имам», «тақия», «реинкарнация», «веда» түсініктерінің пайда болуына әсер еткен факторлар да ғылыми тұрғыдан талданады. Құранда аттары өтетін Қызыр мен Ілияс пайғамбарлар туралы шиғалық бағыттағы сопылық қауымдастықтардың өзгеше пікірлері де ғылыми мақаланың нысаны ретінде қарастырылады.
Түйін сөздер: шиға бағыты, халифа, әһлі-бәйт, махди, имам.








