Сакралды ландшафт және спелеомұра: Түркістан өңіріндегі үңгірлік культтер
DOI:
10.26577//EJRS46220265Аңдатпа
Бұл мақалада Түркістан өңіріндегі Ақмешіт ата, Жылаған ата, Укаша ата және Қылует нысандарының сакралды ландшафттағы орны пәнаралық тұрғыдан талданады. Зерттеу үңгірлер мен жерасты ғибадат орындарын тек табиғи немесе туристік нысан ретінде емес, халықтық дүниетаным, діни тәжірибе аңыздық жад және психологиялық әсер тоғысатын мәдени кеңістік ретінде қарастырады. Негізгі назар үңгір бейнесінің архетиптік мағынасына, оның «алғашқы үй», «аналық жатыр», «қорған» және «трансформация кеңістігі» тәрізді символдық қабаттарына аударылады. Әдіснамалық тұрғыдан феноменологиялық сипаттау, герменевтикалық түсіндіру, салыстырмалы-дінтанулық талдау және тарихи-мәдени реконструкция тәсілдері қолданылды. Бұл тәсілдер Ақмешіт ата үңгіріндегі жарық пен қараңғылық диалектикасын, Жылаған атадағы су мен дыбыс феноменін, Укаша ата құдығындағы вертикальді символиканы және Қылуеттегі сопылық оңашалану тәжірибесін өзара байланыста түсіндіруге мүмкіндік берді. Зерттеу нәтижелері аталған нысандардың киелілігі тек діни сенімнің көрінісі емес, табиғатпен байланыс, ұжымдық жад, ішкі тепе-теңдік және аймақтық бірегейлік мәселелерімен сабақтас мәдени-философиялық феномен екенін көрсетеді. Осы тұрғыдан қарастырылған мұралар мәдени саясат, жауапты зиярат мәдениеті және рухани-танымдық туризм үшін маңызды қолданбалы қайнаркөз бола алады.
Түйін сөздер: Түркістан өңірі, сакралды кеңістік, үңгір символикасы, спелеомұра, зиярат мәдениеті








