Fatua.kz сайтының онлайн-пəтуалары: дискурс-анализ
DOI:
10.26577//EJRS46220269Аңдатпа
Мақалада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) ресми пәтуа порталы fatua.kz-тің онлайн-пәтуалары сыни дискурс-анализ (СДА) тұрғысынан зерттеледі; цифрлық діни авторитет пен «мемлекет бекіткен ислам» дискурсы посткеңестік Қазақстанда өзекті мәселе болып қала береді. Зерттеудің мақсаты – fatua.kz пәтуаларының тілдік-риторикалық құрылымы мен дискурстық стратегияларын ашу; негізгі бағыттары – тақырыптық профильді, дәлелдеу базасын, риторикалық схеманы және фреймдерді талдау. Жұмыстың ғылыми мәні – қазақ тілді ислами цифрлық медиадискурсты алғаш рет жүйелі СДА мен есептеуіш-лингвистикалық құралдарды ұштастыра зерделеуінде, тәжірибелік мәні – ҚМДБ цифрлық коммуникациясын түсінуге негіз беруінде. Әдіснамасы негізінен сапалық: Фэрклоудың үш деңгейлі моделі мен Энтманның фреймдеу теориясы; қосымша барлаушы (exploratory) деңгейде автоматты тематикалық жіктеу мен VADER сентимент-анализі (n=192) қолданылды. Дереккөз – порталдың сұрақ-жауап бөлімінен жиналған n=285 пәтуа (2024–2025 жж., орташа 541 сөз); кодтау сенімділігі екінші тәуелсіз кодермен тексерілді (орташа κ=0,74). Зерттеу нәтижесінде ғибадат-ритуал сұрақтары басым (шамамен 46%), дәлелдеу базасы Құран (шамамен 56%) мен хадиске сүйенетіні, пәтуалардың тұрақты алты компонентті риторикалық схеманы ұстанатыны анықталды; VADER нәтижесі (65,6% позитив) мәтін тонының өлшемі емес, алгоритмнің діни-заңдық лексикадағы позитивтілікті асыра бағалайтынын көрсететін әдіснамалық байқау ретінде оқылады. Зерттеудің құндылығы – fatua.kz-тің ресми діни авторитетті бекітетін бірбағытты коммуникациялық арна екенін нақты дискурстық тетіктер (алты компонентті схема, «насс + сүннет» дәлелдеу иерархиясы, кері байланыстың құрылымдық жоқтығы) арқылы эмпирикалық айқындауында. Қорытынды нәтижелер діни білім беру бағдарламаларында, ҚМДБ цифрлық коммуникация стратегиясын жетілдіруде және ислами цифрлық медианы зерттеуде практикалық қолданысқа ие.
Түйін сөздер: Онлайн-пәтуа, дискурс-анализ, fatua.kz, ҚМДБ, цифрлық ислам








