Ахмет Ясауи шығармаларындағы сопылық дүниетаным
DOI:
https://doi.org/10.26577/EJRS.2020.v21.i1.r3Аннотация
Қожа Ахмет Ясауи – өз заманының озық туған ғұлама-ғалым. Ол – сопылық ілімді кеңінен игеріп, Хақты тану жолында өзінің тариқатын қалыптастырған ақын. Қожа Ахмет Ясауи негізін қалаған жол – сопылық жол. Өз бағытын ұстанған ақын осы ілімді өмірінің соңына дейін насихаттады. Оның бұл ойлары даналыққа жетелеуші хикметтерінен көрініс тауып жатты. Мақалада сопылық әдебиет, сопылар, түркі әлемінің ең атақты сопы-ақыны Қожа Ахмет Ясауи “Диуани хикмет” шығармасы талданады. Күллі түркі жұртына «Түркістан пірі» деген атпен танымал болған Қожа Ахмет Ясауидің даналық сөздері барша адамзат баласын кемелдікке, ізгілікке, татулыққа, бауырмалдыққа шақыратыны анық. Мақалада ислам діні мен түркілік мәдениетті ұштастырған сопы-шайырдың сопылық ілімі шығармалары талданады. Өйткені тасаууф ілімінде жүрек – иманның тұрағы, ұлы Жаратушыға деген сүйіспеншіліктің мекені болып табылады. Сопылық әдебиетте “Хақты танып, Хақиқатқа ұласу”, “Сырды түсінуге ұмтылу”, “Сүйіктіге ғашық болу”, “Жарға ынтық болу”, “Сүйіктімен сұхбат құру”, “Ақиқат шарабын ішу”, “Мас болып, естен тану”, “Көбелек болып, отқа күю”, “Өлмей тұрып өлу”, “Пәруанадай шыр айналу”, “Гүлге ынтызар бұлбұлдай сайрау” сияқты ұғымдар кеңінен қолданылады. Сондай-ақ сопылық ілімде кемел адам, шариғат, пір, нұр, сабыр, тақуа, сұхбат, тәуекел сияқты ұғымдармен бірге “жүрек”, “көңіл” сынды түсініктер сопылық ілімнің ең негізгі қолданылатын тіркестерге айналды.