Түркілер және ислам: түркілерге қатысты риуаяттарға хадиснамалық талдау
DOI:
https://doi.org/10.26577//EJRS.2024.v37.i1.r3Аннотация
Түркілердің исламды қабылдауы – тарихшылардың іргелі зерттеу жүргізулеріне себеп болған тақырыптардың бірі. Түркі халықтарының исламмен алғаш танысқан уақыты, мұсылмандыққа өту себебі, нәтижесінде дінді жаюға деген ыждағатты әрекеттері ортағасырлық тарихшылардан бастап күніміздегі зерттеушілерді де бейжай қалдырған емес. Бұл мақаланың мақсаты – хадистерге кешенді талдау жүргізу арқылы түркілердің ислам тарихындағы орнын көрсету. Ғылыми зерттеу тарих кітаптарында жиі кездесетін түркілер жайлы хадистерді жинақтау, қайнаркөздерін толық қарастыру және хадистердің кең түсіндірмелерін беруге бағытталған. Аталған міндеттерге сай, деректермен жұмыс барысында компаративистикалық, тарихи әдіс кеңінен қолданылды. Сол арқылы хадистердің түпкі мәні және арасындағы ұқсастықтар мен айырмашылықтар анықталды. Зерттеу барысында ортағасырлық тарихшылар Жәхиз, Махмұд Қашғари, Хамауи, Жуайнидің еңбектерімен қатар, жақында жарық көрген мақалалар мен кітаптар қарастырылды. Онда келген хадистердің қайнаркөзі «Кутуб әс-ситта», Табаранидің мұғжамдары, Әбу Яғланың муснад жинақтарында кездесетіні анықталды. Сонымен қатар, хадистің мағынасымен шектелмей, «Фатх әл-бәри», «әл-Маудуғат» сынды классикалық кітаптарға сүйеніп, хадистердің түсіндірмелері беріліп, хадис мамандарының берген бағасы көрсетілді. Зерттеу жұмысының нәтижелері осы тақырыпқа ден қойған зерттеушілерге пайдасын тигізеді деп үміттенеміз.
Түйін сөздер: түркілер, ислам, тарих, хадис жинақтары, кутуб әс-ситта.