ХХ ғ. қазақ басылым беттеріндегі «уақып» қорларына негізделген қайырымдылық тақырыбы
DOI:
https://doi.org/10.26577//EJRS.2024.v37.i1.r6Аннотация
Мақалада ХХғ. қазақ басылым беттеріндегі «Уақып» қорларына негізделген қайырымдылық тақырыбы қарастырылған. Аталған мәселені талқылау үшін ғылыми мақалада қолданылған барлық деректік ақпараттар «Қазақ» газеті, «Шолпан» журналдарының ХХғ. басылым беттерінде жарияланған мақалалар арқылы көрініс тауып, уақып ұғымы, мақсаты мен ғылыми әдістемелік негіздері жөніндегі ғылыми тұжырымдар сараланады. Отандық зерттеулерде аталған тақырып бойынша ғылыми мақалалар мен зерттеу жұмыстарының шектеулі саны аталған мәселенің өзектілігін, жүйелеу қажеттелігін айқындайды. Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасында ислам экономикасы, соның ішінде жеке меншік қатынастарын реттейтін уақып тақырыбы жаңа бағыттардың бірі болып табылады. Әр түрлі деңгейлерде исламның даму жолдары, оның идеологияға, әлеуметтік өмірге және экономикаға әсері талқылануда. Ислам экономикасы, соның ішінде уақып түсінігі қоғам үшін жаңа меншік құқығының, жаңа қызметтің түрі болып табылады. Практикалық тұрғыдан жеке меншіктің барлық аспектілері мемлекет тарапынан заң шеңберінде айқындалған болса да, қоғамда уақып мәселесін діни тұрғыда теориялық, ұғымдық категорияларын айқындау, негізгі ғылыми әдістерін жүйелеу мәселесі жолға қоюды қажет етеді. Себебі халықаралық және отандық тәжірибені зерделеу барысында қазақ жеріндегі ислам меншігінің, уақып мәселесінің ғылыми негізде жүйеленген әдіснамасының жеткілікті деңгейде пысықталмағандығы айқындалды. Мақалада уақыптың исламда пайда болу тарихы мен ХХ ғ. қазақ басылым беттеріндегі «Уақып» қорларына негізделген қайырымдылық тақырыбының концептуалды негіздері жүйеленіп, талданады.
Түйін сөздер: исламдағы меншік құқығы, Қазақ газеті, қайырымдылық, уақып, зекет.