Абайдың 1855-1891 жж. аралығында жазған өлеңдеріндегі діни сеніміне исламтанулық талдау
DOI:
https://doi.org/10.26577//EJRS.2024.v37.i1.r2Аннотация
Абай Құнанбайұлы қазақтың бас ақыны, ойшылы, ұлы данасы, өз заманының қайраткері. Абай шығармалары әр ғылым саласы мамандарының қызығушылығын тудырған және әр ғалым оның шығармаларына өз саласы тұрғысынан зерттеулер жүргізген. Бұл мақалада Абайдың діни сеніміне, ақидасына тоқталамыз. Исламтану бірнеше үлкен саладан тұратын ғылым болса, солардың ең маңыздысы – ақида (кәлам) саласы. Адамның дінін, діни сенімін анықтайтын сала осы – ақида саласы. Абайдың діни дүниетанымы зерттеудің нысаны болады. Абайдың алғаш өлең жаза бастағаннан інісі Оспанның дүние салғанға дейінгі аралықтағы жазған шығармаларына исламтанулық, дінтанулық, теолингвистикалық талдау жасалады. Осы кезеңдегі Абай шығармаларында ислам ақидасының қай тақырыптары көтерілгендігін анықтап, сол тақырыптар бойынша Абайдың сеніміне шолу жасалады. Абайдың діни сенімдерін анықтап, оларды Құран аяттарымен және Мұхаммед пайғамбардың хадистерімен салыстырып, Абай сенімінің негізін Құран, сүннеттен көрсетуге талпыныс жасалады. Сонымен қатар басқа ислам ғалымдарының, әсіресе ханафи, мәтуриди ғалымдарының ақида саласы бойынша жазған еңбектерімен салыстырамыз. Сол арқылы Абай ақидасында өзгерістің орын алғандығын не алмағандығын нақтыланады және Абайдың діни сеніміне негіз болған дереккөздер анықталады. Негізі, Абай бұл кезеңде ақидадағы екі тақырыпқа қатысты өзінің пікірін жырларына қосқандығы анықталды: Аллаға сену және тағдырдың жақсылығы мен жамандығын бір Алладан деп илану. Ақиданың қалған тақырыптары сілтеме ретінде болмаса, арнайы жазылған өлең жолдарынан байқалады.
Түйін сөздер: Жалғыз Алла, Құдай, иман, пәни дүние, тағдыр, аят, хадис.