Зияткерлік меншік түсінігінің дін мен заңдағы негіздері
DOI:
https://doi.org/10.26577//EJRS20254114Аннотация
Адам баласы дүниеге келген сәттен бастап қоғаммен өзара байланыста өмір сүреді, осыған байланысты белгілі бір ережелердің қажеттілігі туындайды. Тәжірибелік тұрғыдан алғанда, барлық діни қайнар көздерде, әдет-ғұрыптарда және құқықтық жүйелерде кеңінен қолданылатын негізгі ұғымдардың бірі – хақ ұғымы. Қоғамда әділеттілікті орнату – хақтың басты қызметтерінің бірі. Заманның өзгеруімен бірге қоғамда жаңа мүдделер мен міндеттер туындайды, олардың бірі – зияткерлік меншік мәселесі. Зияткерлік меншік – ақыл-ой әрекетінің нәтижесінде пайда болатын және белгілі бір объектілерге авторлық меншікті білдіретін құқықтық ұғым. Ақпарат дәуірінде бұл мәселе ерекше маңызға ие болды, себебі ол тек жеке меншікке ғана емес, қоғамдық құндылықтарға да әсер етеді. Білім мен инновация адамның тек материалдық емес, сонымен қатар стратегиялық артықшылықтарға ие болуына ықпал ететін маңызды факторға айналғандықтан, зияткерлік меншік мәселесі өзекті тақырыпқа айналды. Зерттеу жұмысының негізгі мақсаты – исламдағы зияткерлік меншік ұғымының мәнін ашу, оның ауқымы мен ерекшеліктерін анықтау. Осы мақсатта ислам ғалымдарының еңбектері талданып, олардың зияткерлік меншікке қатысты көзқарастары сараланды. Сонымен қатар, зияткерлік меншік ұғымы мемлекет заңнамасы тұрғысынан қарастырылып, оның құқықтық негіздері зерттелді. Жұмыстың ғылыми және тәжірибелік маңызы – зияткерлік меншіктің табиғаты мен негізгі белгілерін, ислам құқығындағы меншік пен мүлік ұғымдарын жан-жақты талдауда. Зерттеу нәтижесінде ислам дінінде зияткерлік меншікке қалай қарайтыны анықталып, оның қазіргі құқықтық жүйедегі орны мен маңызы айқындалды. Бұл зерттеу зияткерлік меншік төңірегіндегі ғылыми пікірталастарға үлес қосып, оның құқықтық және діни аспектілерін жан-жақты қарастыруға мүмкіндік береді.
Түйін сөздер: мүлік, зияткерлік меншік, қоғам, заң, ислам.