Кәсіби медициналық этикадағы еріктіліктің діни контексті
DOI:
https://doi.org/10.26577//EJRS202543310Аннотация
Бұл мақалада кәсіби медициналық этикадағы еріктілік (волонтерлік) құбылысының діни контексті қарастырылады. Ол қазіргі қоғамдағы адамгершілік пен гуманистік бағдарларды қалыптастырудың маңызды негіздерінің бірі ретінде түсіндіріледі. Зерттеудің мақсаты медициналық еріктіліктің тарихи және дүниетанымдық тамырларын анықтау, сондай-ақ оның деонтологиялық қағидаттарды, кәсіби мәдениетті және дәрігердің моральдық жауапкершілігін нығайтудағы рөлін негіздеу. Арнайы назар медициналық этиканың қалыптасуына ықпал еткен діни дәстүрлерге және кәсіби еріктіліктің тарихи әрі қазіргі заманғы тәжірибелеріне аударылады. Зерттеудің ғылыми және практикалық маңызын рухани құндылықтар мен кәсіби құзыреттердің өзара ықпалдасу тетіктерін көрсетуінде деп қарастылырды. Бұл тұрғыда діни дүниетаным мен қайырымдылық мәдениеті медициналық еріктіліктің орнығуына және дамуына берік негіз қалыптастырады. Зерттеу әдіснамасы тарихи-философиялық және салыстырмалы талдау тәсілдеріне сүйенеді. Соның арқасында медицинаның этикалық негіздерінің эволюциясы мен дін, медицина және әлеуметтік процестер арасындағы диалектикалық байланыс айқындалады. Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, қайырымдылық, мейірім мен өзара жәрдем идеяларына негізделген медициналық еріктілік медициналық деонтологияның дамуына айрықша ықпал еткен. Мақалада кәсіби еріктіліктің әлеуметтік тиімділігін дәлелдейтін тарихи және қазіргі заманғы мысалдар келтірілген. Зерттеудің құндылығы медициналық еріктіліктің діни-этикалық негіздерін жүйелеуінде және олардың дәрігер санасында моральдық заңның қалыптасуына ықпалын айқындауында. Ал, тәжірибелік маңызы алынған тұжырымдарды медициналық жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларын жетілдіруде, деонтологиялық қағидаттарды нығайтуда және болашақ дәрігерлердің кәсіби мәдениетін қалыптастыруда қолдану мүмкіндігінде көрінеді.
Түйін сөздер: дәрігер-еріктер, дүниетаным, мораль, адамгершілік, дін
