Батыс ориенталисті Игнац Гольдциердің хадис және сүннетке қатысты ұстанымдары
DOI:
https://doi.org/10.26577/EJRS.2020.v21.i1.r2Аннотация
Қазіргі таңда ислам туралы дұрыс түсінік қалыптастыру көкейтесті мәселелердің бірі болып отыр. Әсіресе даму жағынан алдыңғы қатардағы батыс елдерде кең етек жайған ислам туралы жаңсақ пікірлер әлемнің басқа да елдеріне әсерін тигізбей қоймайды. Батыс ренессансынан кейін ислам өркениеті құлдырай бастады. Осылайша мұсылмандар саясат, білім және ғылым жағынан батыстан артта қала берді. Қарапайым халық түсінігінде исламға қатысты ойдан шығарылған хикаялар себебінен қалыптасқан алғашқы түсініктер мен батыстағы ғылымның дамуы исламның сынға алынуына түрткі болды. Батыстық ғалымдар ислам діні, философиясы, тарихы, мәдениеті және т.б. ғылымдарды зерттеу барысында яһуди және христиан діндерін зерттеуде қолданылатын сынға негізделген әдісті әрдайым басшылыққа алып отырды. Батыс ориенталистерінің ішінде бұл зерттеулердің миссионерлік қызмет екенін жасырмағандары да бар. Ислам дінін қаралауға тырысқан ориенталистердің басым бөлігінің зерттеулерінен біржақтылықтың, субъективті көзқарастардың бар екенін анық байқауға болады. Ислам ғұламаларының шығыстанушыларды айыптау себептерінің бірі де осы. Ислам дінінің негізі болып табылатын Пайғамбар хадисі мен сүннетіне қатысты айтылған сындар мен тағылған айыптарға ислами тұрғыда жауап беру ислам туралы батыста ғана емес, бүкіл әлемде, дұрыс түсінік қалыптастырудың басты қадамдарының бірі болып табылады.