Көне түркі тіліндегі діни атауларды этнолингвистикалық тұрғыдан талдау: Секиз йүкмек йарук мәтіні мысалында
DOI:
https://doi.org/10.26577//EJRS.2024.v37.i1.r10Аннотация
Мақалада көне түркі тіліндегі мәтіндерде кездесетін діни атауларға этнолингвистикалық тұрғыдан талдау жасалынды. Көне ұйғыр тілінде жазылған бұл еңбектер негізінен діни аударма мәтіндер болғандықтан дін шыққан елдің тіліндегі діни терминдер, дұғалар, аяттар көптеп кездеседі. Ата-бабаларымыздан қалған асыл мұраларды оқып-үйреніп, ана тілімізде ғылыми айналысқа енгізу үшін бұл атаулардың түп-төркінін білуіміз шарт. Мақаланың мақсаты көне ұйғыр жазулы аударма әдеби жәдігерлерде жиі кездесетін діни атаулардың шыққан тегін талдап, мағынасын түсіндіру. Мақаланың будда діні қолданылған территорияны анықтау, басқа тілдерге аударылу практикасын зерттеу барысында ғылыми және тәжірибелік мәні зор. Ғылыми жұмыста салыстырмалы-тарихи, топтау, талдау, аудару әдіс-тәсілдері қолданыла келе, көне түркі тілінде сол дәуірде қолданылған діни атаулардың шығу төркінін талдауға қол жеткізілді. Зерттеу жұмысымызды жазу барысында ғылым әлемінде кең танымал будда дінін уағыздайтын «Секиз йүкмек йарук» сутрасындағы діни атаулар пайдаланылды. Жұмыс нәтижесінде мани, будда, христиан діні туралы мәтіндерден аударма жасағанда көне ұйғыр тілінде балама атаулар жасалынғандығы, яғни жаңа сөздер тудырылғандығы және олардың кең қолданылғандығы анықталып, оларға этнолингвистикалық тұрғыдан талдау жасалынды. Мақаланың өзектілігі бұл тақырыптың қазақ ғылымында қазақ тілінде бұрын-соңды қолға алынбағандығы және ғылыми айналысқа түспегендігі болып табылады. Мақала мәтіндердегі ескі дәуірде қолданылған діни атауларды анықтау, ішінен қажетін алып, пайдалану тұрғысынан қазақ дінтану ғылымына өзіндік үлес қосуымен құнды. Мақаланы «Дінтану тарихы», «Түркі әлемі дінтану тарихы», «Әлем діндері тарихы» пәндерінен көмекші оқу құралы ретінде пайдалануға болады. Жұмысты жазу барысында бірнеше отандық және шетелдік ғалымдардың еңбектері пайдаланылды.
Түйін сөздер: діни атаулар, этнолингвистика, будда діні, көне ұйғыр тілі, діндер тарихы.