Қазақ халқының киіз үй төсеніш бұйымдарында қолданылатын ою-өрнектерге қатысты наным-сенімдер
DOI:
10.26577//EJRS.2021.v25.i1.r6Кілт сөздер:
Киіз үй төсеніш бұйымдары, ою-өрнек, наным-сенім, тотемизм, магияАңдатпа
Ғасырлар бойы иен даланы мекендеген қазақ халқы көшпелі өмір сүрген және олардың күнкөріс кәсібі мал шаруашылығына негізделген. Осыған байланысты түйе, жылқы, сиыр, қой сияқты малдарды асырау арқылы олардың сүтін, етін, жүні мен терісін пайдаланған. Сондықтан, оңай құрастырылып-ажыратылатын киіз үйлерді тұрақ етіп, өздеріне қажетті қолөнер түрлерін меңгерген. Қазақ халқының қолөнер түрлерінің ішінде киіз үй төсеніш бұйымдары және бұл бұйымдарда қолданылатын ою-өрнектер маңызды рөл атқарады. Ғалымдардың пайымдауынша, ою-өрнектер адамдардың өзара қарым-қатынас жасау құралдарының бірі болып табылады. Қазақ халқы мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан өзінің тілін, дінін, наным-сенімі мен салт-дәстүрін сақтап келген. Олардың қолөнер бұйымдарындағы ою-өрнек үлгілерінің элементтерінде ай, жұлдыз, күн сияқты аспан денелері, бір кездері тотем ретінде пір тұтқан құстар мен жануарлар және олардың дене мүшелері, ағаш, гүл, дәнді дақыл сияқты өсімдіктер және шаршы, ромб тәрізді геометриялық фигуралар көрініс тапқан. Сондай-ақ, әрбір ою-өрнектің, тіпті бұл өрнектерде қолданылатын сандардың тотемизм, магия және салт-дәстүрге байланысты мағыналары бар. Осыған орай, бұл зерттеу жұмысының мақсаты ата-бабамыздан келе жатқан қолөнер, оның ішінде киіз үй төсеніш бұйымдарындағы ою-өрнектерге қатысты наным-сенімдердің мәнін ашу.
Түйін сөздер: киіз үй төсеніш бұйымдары, ою-өрнек, наным-сенім, тотемизм, магия.








