Әлеуметтік желілерді ислами уағызға қолдану
DOI:
https://doi.org/10.26577//EJRS.2024.v37.i1.r1Аннотация
Цифрлану үдерісі мұсылмандардың рухани өміріне дендеп кіруде. Қазіргі уақытта жастардың діндарлық әлеуметтенуінде интернеттің тигізіп отырған ықпалы үлкен. Кибер кеңістіктегі ислам дініне қатысты контенттер мен сегменттер жетерлік. Әлеуметтік желілер көп қырлы қызметімен қоғамға көптеген өзгерістер әкелуде. Мақалада әлеуметтік желіні ислам дінін уағыздау үшін пайдалану Қазақстан контексінде мысалдармен дәйектеле зерделенеді. Зерттеуде әлеуметтік желідегі уағыздың мән-маңызын, қарқынды даму барысы, өзіндік ерекшеліктері, форматтары, профильдері және танымал уағызшылар өзек болды. Тұжырымдар әлеуметтік желілерден жиналған контенттер мен материалдар, уағызшылар және дін қызметкерлерімен тікелей кездесіп, сұхбаттасудан алған мәліметтер негізінде жасалды. Уағыз ислам дискурсындағы басты ұстындар санатындағы дағуат амалы болып есептеледі. Үгіт-насихат жүргізу діни құндылықтарды таратып, дәріптеп, оны қоғамға сіңіру жолында үлкен маңызға ие. Елімізде уағызшылар, діни қызметкерлер, имамдар интернетті діни құндылықтарды насихаттайтын құрал етіп кеңінен пайдалануда. Қазақстандағы уағызшылар аудиториясын кеңейту үшін YouTube, Facebook, TikTok пен Instagram сияқты интернет желілерін үгіт-насихат жүргізу үшін белсенді қолданып келеді. Әлеуметтік желілердегі уағыздардың ауқымы, тақырыбы мен мазмұны ауқымды әрі әртүрлі. Әлеуметтік желіні исламды насихаттау үшін қолданылатын заманауи технологиялық әдіс-тәсілдер күн сайын толығып, қанат жаюда. Виртуалды кеңістіктегі исламның нақты көріністерін саралаған зерттеу теориялық және тәжірибелік тұрғыдан құнды.
Түйін сөздер: уағыз, дағуат, әлеуметтік желі, YouTube, TikTok, Instagram, Facebook.